«СевКазЭнерго» АҚ – өңірді жылумен, жарықпен қамтамасыз ететін алпауыт компания саналады. 2020 жылға дейін мемлекеттік жобалар негізінде жылумен жабдықтау желілерін қайта құруға 17 миллиард теңгенің бағытталуы бірегей құрылымның қарышты қарымын байқатса керек. Оның құрамына енетін мекемелер де индустрияландыру бағдарламасы аясында өндірісті жаңғырту, инвестиция тарту тапсырмаларын ойдағыдай жүзеге асырып келеді. Біз осы мәселелер төңірегінде акционерлік қоғамның бас директоры Леонид ЛАРИЧЕВПЕН пікір алысқан едік.

– Леонид Викторович, Мемлекет басшысының Үкіметтің отырысында белгілеп берген 5 институттық реформаны жүзеге асырудың 100 нақты қадамын қалай қабылдадыңыз?

– Мен де сөзімді Елбасының ел дамуының ұзақ жылдарға бағдарланған Ұлт жоспарынан бастағанды жөн көріп отыр едім. Өйткені, «100 нақты қадамның» «Индустрияландыру және экономикалық» бөлімінде энергетикалық салаға қатысты орындалуы тиіс міндеттер атап көрсетілген. Мәселен, 50-інші қадамда электр энергетикасы саласын қайта құру, «бірыңғай сатып алушы» моделін енгізу арқылы өңірлер арасындағы электр энергиясының әртүрлі тарифтерін реттеу мүмкіндіктері қарастырылса, 51-ші қадамда өңірлік энергетикалық компанияларды ірілендіру жайы қарастырылған.

Бұл қадамдар энергиямен қамтамасыз етудің сенімділігін арттырумен қатар электр энергиясын таратудың шығынын да, төлемақысын да азайтуға мүмкіндік береді. Ал, электр энергетикасы секторына инвестиция тартуды ынталандыратын жаңа тарифті енгізу тың бастамалар мен ізденістерге жол ашады. – Өткен жылды қалай қоры-тындыладыңыздар? – Акционерлік қоғамға қарасты кәсіпорындарда жабдықтарды жөндеу, қайта құру істері бойынша жоспарланған бағдарламалар ойдағыдай орындалды. «Шектелген тарифтер» мемлекеттік бағдарламасының қолданысқа енуі арқасында № 2 Петропавл жылу электр орталығында (ЖЭО) жаңғыртудың ауқымды іс-шаралардың бірінші кезеңі аяқталды. 2013 жылы №6, №7 қазандықтар күрделі жөндеуден өтіп, № 4 турбоагрегат іске қосылды. Нәтижесінде электр өндірудің жылдық қуаты 106 млн.кВт-қа артты. Кәсіпорын бүгінде облыс пен қалаға қосымша 63 МВт электр қуатын және 52,5 Гкал.жылу қуатын беретін әлеуетке ие. №8 жылу агрегатын заман талабына сай жарақтандыру мақсатымен «Сибэнергомаш» зауытынан жаңа қазандық жеткізіліп, қолданысқа енгізілді. Жобаның құны – 5,4 миллиард теңге.

Қаржының 3,5 миллиарды компания, қалғаны инвестициялық бағдарлама есебінен құйылды. Оны пайдалануға беру арқасында стансаның бу қуаты сағатына 270 тоннаға ұлғайды. Бұл жылыту қондырғысының айырмашылығы – автоматты түрде басқарылуында. Ал, қазандардың жалпы пайдалы әсер коэффициенті 88,98 пайызға көтерілді. Бұл – бір жыл ішінде үш мың тонна көмір үнемделеді деген сөз. Қайта жабдықталған күлтұтқыш қондырғылардың пайдалы әсер коэффициенті 99,7 пайызға тең. Акционерлік қоғам қаржыландыру үшін несие қаражаттарын тартуды да жүйелі қарастырып отырады. Еуропа Қайта құру және даму банкімен 49 миллион АҚШ доллары мөлшерінде қарыздың келісімшарттары жасалып, 40 мил- лионы негізгі жабдықтарды жаңғырту мен жаңартуға, экологиялық өлшемдерді жақсартуға, қалған қаражат облыстың электр желілерін жаңғырту мен қайта құру бойынша инвестициялық бағдарламаны қаржыландыруға бағытталды. Біз электр қуатын тасымалдау мен бөліп таратудың сапасы мен тұрақтылығына да жете көңіл бөлеміз. 2014 жылы «Солтүстік Қазақстан электр тарату компаниясы» кәсіпорнында «Негізгі құралдардың құрылысы, қайта құруы мен жаңғыртуы» инвестициялық бағдарламасы аясында 38 шақырым кабель желілері мен 10/0,4 кВт әуе желілері қайта жаңғыртылды. Петропавл қаласының және облыстың 9 қосымша стансасында трансформаторлар қуаты өсіріліп, қуатты жабдықтар орнатылды. 13 мың электр қуатының автоматтандырылған жүйесі қойылды.

Электр желілерін жаңғырту мен қайта құру барысында жабдықтардың тозуын төмендету, электр қуатының ысырабын қысқарту мәселелері бірінші кезекте ескеріледі. Өйткені, Президент қуат үнемдеу саясатын басшылыққа алуды үнемі ескертіп келеді. Сол себепті тозығы жеткен, пайдалану мерзімі аяқталған жабдықтар заманауи технологиялармен ауыстырылады. Оның бір мысалына әуе желілерін алмастырғанда өздігінен көтеретін оқшауланған сым қолданылатынын айтсақ та болады. Озық әдістер кабель желілерін жаңартуда да кеңінен қолданылады. «Петропавл жылу желілері» мекемесі де әзірлік жұмыстарын жан-жақты жүргізудің нәтижесінде жылыту маусымын ойдағыдай аяқтады. Өткен жылы жөндеу шараларына 420 миллион теңгеден астам қаржы бөлініп, 14,4 шақырым жылу желілері мен жабдықтар алмастырылды. «Техникалық қайта жаңғырту және қайта құру, дамыту» бағдарламасы бойынша 195 миллион, Еуропа Қайта құру және даму банкі мен Таза технологиялар қорының қарызы есебінен 543 миллион теңге бағытталды. Нәтижесінде желілердегі технологиялық ақаулар саны 40 пайызға кеміді. «СевКазЭнергосбыт» тұрғындарды электр және жылу қуатымен жабдықтаушы әрі тығыз бірлікте қарым-қатынас жасайтын мекемелеріміздің бірі болғандықтан, оған қатысты туындаған проблемаларға жіті назар аударып отырамыз. Қызмет сапасын одан әрі жетілдіру көзделіп, басты кеңсе базасында қазіргі замандық сервис орталығы құрылды. Онда электронды озық байланыс жүйесі жұмыс істейді.

Үйден шықпай-ақ пайдалануға мүмкіндік беретін «Жедел кабинет» қосымшасы ашылды. – Алда қандай мәселелерге баса назар аударылады? – «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында энергетика саласына қатысты түйткілді жайттарға ерекше назар аударылғаны мәлім. Еліміздің бірқатар аймақтарында электр қуатының жетімсіздігіне байланысты жедел шешімін табатын мәселелер жоқ емес. Бүгінгідей әлемдегі қаржылық тұрақсыздық жағдайында үнемділікпен, ұқыптылықпен жұмыс істеу өте маңызды. Себебі, компанияға қарасты жылу желілері жабдықтарының тозуы әлі де жоғары күйінде, 70 пайыз төңірегінде. Бүгінгі күні 2020 жылға дейін кезеңді қамтитын стратегиялық инвестиция әзірленген. Дәйекті ойластырылған бағдарламада 2017 жылы нормадан жоғары шығындарды толығымен жою, 2020 жылы жылу қуатының нормативтік шығындар деңгейін 18 пайызға азайту қарастырылған.

Тұтастай алғанда, алдағы бес жылда мемлекеттік бағдарлама шеңберінде жылумен жабдықтау желілерін қайта құруға 17 миллиард теңге жұмсау, 40 шақырым жылу желілерін қалпына келтіру көзделген. Әрине, энергетика кешенін жаңғырту мен қайта құру жұмыстарының зор көлемі мен жоғары қарқыны оған лайықты инвестициялық қаражат бөлінуін талап етеді. Тек шектелген тарифтер бойынша ғана стансаны жаңғыртуға 5 жылда 23,8 миллиард теңге бағытталды. Келесі жылы № 1 және №5 турбоагрегаттары заманауи қондырғыларға ауыстырылады. Сонда стансаның қуаттылығы 541 МВт-қа жеткізіледі. – Салаға жас мамандардың тартылуы қалай? – Компанияда еңбек ететін 2500-ге жуық жұмысшы-қызметкерлердің 31,2 пайызы – жастар. Олардың басым көпшілігі жергілікті оқу орындарын бітірген дипломды мамандар саналады. Біз жылда қалыптасқан дәстүр ізімен М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті, теміржол, кәсіптік-педагогикалық колледждерімен келісімшарт жасасып, студенттердің өндірістік тәжірибесін кәсіпорындарда ұйымдастырып жүрміз.

Бұл – өзін өзі ақтаған әдіс. Жазғы каникулдарда жұмысқа қабылданған жағдайда толық еңбекақы төленеді. Жол шығындары өтеледі. Оқу орны қабырғасында жүріп, кәсіптік шеберлігі төселген, шыңдалған түлектердің қатарымызға қосылуына мүдделіміз. Кадрлық резервті жастар есебінен толықтырудың өзге де жолдары қарастырылып отырады. Біз техника паркінің жаңаруына да үлкен мән береміз. «Солтүстік Қазақстан таратушы электр желілік компаниясы» мекемесіне 244 миллион теңгенің техникалары алынды. 11 шетелдік манипулятор крандары мен 12 жүк-жолаушы көліктері өндірістік міндеттерді шешуге айтарлықтай жәрдемдесері күмәнсіз. Мұндай қолдауға «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы ие болдық. Қай салада болсын кешенді жаңғырту жұмыстары өз жалғасын таба беретін болады. – Әңгімеңізге рахмет.

Автор: ӨМІР ЕСҚАЛИ
Источник: республиканская газета «Егемен Қазақстан»
Ссылка на статью: http://egemen.kz/2015/07/21/70597