«Солтүстік Қазақстан Электржелістік Тарату Компаниясы» АҚ объектілерінде Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің талаптарына сәйкес ұйымдастырылған ақпараттық тур өтті. Шараға қатысушыларға 2026 жылға арналған «Негізгі құрал-жабдықтарды қайта құру және жаңғырту» инвестициялық бағдарламаның іске асырылу барысы және өңір тұтынушыларын электрмен жабдықтау сенімділігін арттыруға бағытталған негізгі жобалар көрсетілді.

«Компаниямыздың басты міндеті – Солтүстік Қазақстан облысын тұрақты әрі сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету. Бөлінген барлық қаражат өңірдің энергия жүйесінің сенімділігіне тікелей әсер ететін стратегиялық маңызды жобаларға бағытталады. Біз бекітілген жоспарларға сәйкес өзімізге алған барлық міндеттемелерді орындауға ниеттіміз», – деп атап өтті «Солтүстік Қазақстан ЭТК» АҚ бас директорының м.а. Александр Елисеев.

Инвестициялық бағдарлама стратегиялық маңызды энергия объектілерін қайта құру мен жаңғыртуға 3,03 млрд теңге инвестиция салуды көздейді.

  1. Петропавл қаласындағы 10/0,4 кВ трансформаторлық қосалқы станциялардың (ТҚС) және жиынтық трансформаторлық қосалқы станциялардың (ЖТҚС) ғимараттары мен жабдықтарын қайта құру. Жаңа заманауи трансформаторлар мен сапалы кабельдік арматура электр энергиясын тасымалдау кезіндегі техникалық шығындарды азайтады. Қазіргі уақытта екі 10/0,4 кВ ТҚС-та жұмыстар жүргізіліп жатыр.
  2. Петропавл қаласындағы 10-0,4 кВ кабельдік электр беру желілерін қайта құру.
  3. М. Жұмабаев ауданының Булаев қаласында 1973 жылы пайдалануға берілген 0,4 кВ әуе электр беру желілерін қайта құру. 21,38 шқ 0,4 кВ ӘЖ-де ашық сымды СИП маркалы сымға ауыстыру, сондай-ақ 1 128 дана ағаш тіректерді темірбетон тіректерге ауыстыру жұмыстары жүргізілуде.
  4. 35/10 кВ «Рабочий кенті» қосалқы станциясының Ф-12 10 кВ ӘЖ 10 шақырымында ашық сымды СИП маркалы сымға ауыстыру, сонымен қатар тіректерді, траверстерді және ілінісу арматураларын ауыстыру. Бүгінгі таңда құрылыс-монтаждау жұмыстарының шамамен 70%-ы орындалды.

Инвестициялық бағдарламада 220/110/35/10 кВ «Тимирязево», 220/110/10 кВ «Сибирь», 220/35/10 кВ «Смирново» қосалқы станцияларын қайта жаңарту, сондай-ақ Петропавл қаласындағы № 5 110/10 кВ қосалқы станциясының 10 кВ жабық тарату құрылғысын қайта жаңарту және ұзындығы 4 км «Возвышенка – Қиялы» 110 кВ әуе желісінің учаскесін қайта жаңарту көзделген.

Барлық іс-шаралар бойынша жобалардың іске асырылуын авторлық және техникалық қадағалауды жүргізу үшін, сондай-ақ құрылыс-монтаждау жұмыстарын орындау үшін ұйымдар анықталды.

Қосалқы станциялар мен электр беру желілерін жаңғырту өңір тұрғындары мен өнеркәсіптік кәсіпорындарын электрмен жабдықтаудың сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Энергетикалық инфрақұрылымды жаңарту электр энергиясын өшіру жиілігі мен ұзақтығын қысқартуға, сондай-ақ әуе желілерінің тозуын және электр энергиясын беру кезіндегі шығындарды азайтуға бағытталған.

Инвестициялық бағдарламада көзделген барлық жұмыстарды энергетиктер 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін аяқтауды жоспарлап отыр.

Анықтама үшін: «Солтүстік Қазақстан ЭТК» АҚ Қазақстанның 2 миллионнан астам тұрғынын энергиямен қамтамасыз ететін ең ірі жеке энергетикалық холдинг – ОАЭК (Орталық-Азия Электроэнергетикалық Корпорациясы) холдингінің құрамына кіретін «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ компаниялар тобына кіреді.