«Біз өңірдің өсіп келе жатқан қажеттіліктерін қанағаттандыруға қабілетті заманауи, сенімді және тиімді энергия жүйесін құру жолында нық қадам басып келеміз. Желілердің әрбір жөнделген шақырымы мен әрбір жаңғыртылған қосалқы станция — бұл Солтүстік Қазақстан облысының энергетикалық тұрақтылығына және жерлестеріміздің жайлылығына қосылған тікелей үлес», — деп мәлімдеді «Солтүстік Қазақстан ЭТК» АҚ бас директорының міндетін атқарушы Александр Елисеев.
Компания басшылығы осындай бағдарламалық мәлімдемені 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында электр энергиясын беру саласындағы тарифтік смета мен инвестициялық бағдарламаның орындалу қорытындысын шығару барысында жасады.
2026 жылдың алғашқы алты айында энергетиктер электр желісі шаруашылығы нысандарында ауқымды жөндеу жұмыстарын жүргізді. Жалпы алғанда, кернеу класы әртүрлі (0,4-тен 110 кВ-қа дейін) 93 километрден астам әуе электр беру желісі жөнделіп, 91 жалғағыш муфта орнатыла отырып, 400 метрге жуық кабельдік желі ауыстырылды. Кернеуі 35-220 кВ болатын 3 қосалқы станцияда және энергияны тікелей соңғы тұтынушыларға таратуды қамтамасыз ететін 19 трансформаторлық қосалқы станцияда (10/0,4 кВ) жоспарлы жөндеу жұмыстары сәтті аяқталды.
Жылдың екінші жартысында «Солтүстік Қазақстан ЭТК» АҚ қызметкерлері стратегиялық инвестициялық жобаларды іске асыруға көшеді. Өңірдің энергия жүйесінің тірек пункттері болып табылатын «Тимирязево», «Сібір» және «Смирново» 220 кВ жоғары вольтты қосалқы станцияларын қайта құру басты бағытқа айналады. Сонымен қатар, Петропавл қаласында және облыс аудандарында № 5 110/10 кВ қосалқы станциясының 10 кВ жабық тарату құрылғысын, әуе және кабельдік электр беру желілерін қайта жаңарту, сондай-ақ инженерлік-техникалық үдерістерді автоматтандыру үшін заманауи жабдықтарды сатып алу жүргізіледі.
Жыл соңына дейін энергетиктер ауқымды жөндеу жұмыстарын жоспарлап отыр:
183 шақырым әуе және кабельдік электр беру желілерін жөндеу;
6 ірі қосалқы станцияны (35-110 кВ) және 20 трансформаторлық пунктті жаңарту;
Бүкіл облыс бойынша энергетикалық кешеннің ғимараттары мен құрылыстарын күрделі жөндеу..png)

