Ақмола ӨДО, «Солтүстік Қазақстан ЭТК» АҚ және Петропавл 2-ЖЭО жедел қызметкерлері бірлескен аймақтық оқу-жаттығу жиынын өткізді. Мұндай жаттығулар жай ғана ресмилік емес, бұл – уақыт минутпен есептелген сәтте команданың қаншалықты үйлесімді жұмыс істейтінін тексеру тәсілі.
Басты мақсат – энергия жүйесін жұмыс күйінде ұстап тұру және бір ғана апаттың тұтынушыларды жаппай жарықсыз қалдыруына жол бермеу. Ол үшін энергетиктер нақты дағдыларды шыңдайды: штаттан тыс жағдайда тез шешім қабылдау, өзара тығыз іс-қимыл жасау және аймақ тұрғындарының үйлеріндегі жарық пен кәсіпорындардың жұмысына қауіп төнген кезде сабырлықты сақтау.
Жаттығу барысында мамандар зақымдалған учаскені оқшаулауды, жабдыққа шамадан тыс жүктеме түсірмеуді, желі сұлбасын жедел өзгертуді және тұтынушыларға кернеуді қайтаруды үйренді. Сонымен қатар, байланыстың сенімділігі мен апатқа қарсы автоматиканың жұмысы бөлек тексерілді.
Петропавл 2-ЖЭО аусым бастығы Альберт Айтикеев атап өткендей, мұндай іс-шаралар жыл сайын өткізіліп тұрады. «Жаттығудың мақсаты – энергия жүйесіндегі апаттық жағдайларды жою кезінде практикалық дағдыларды меңгеру және пысықтау», — деп атап өтті ол.
Оқу-жаттығу сценарийі бойынша энергетиктер станцияны оқшауланған жұмыс режиміне бөле отырып, «Петропавл 2-ЖЭО – Қызылжар» 220 кВ әуе желісін ажырату барысын пысықтады. «Солтүстік Қазақстан ЭТК» АҚ бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Владимир Крайсвитний қызметкерлердің дайындық деңгейі жоғары және іс-қимылдары нық болғанын атап өтті.
«Әр маман өзінің жұмыс учаскесіне жауапты, сондықтан жалпы нәтиже бүкіл команданың ауызбіршілігіне байланысты», — деп толықтырды ол.
Тұрақты жаттығулар қызметкерлердің кез келген штаттан тыс жағдайларда жұмыс істеуге әрдайым дайын болуына көмектеседі.
