«Солтүстік Қазақстан ЭТК» АҚ-ның 2026 жылға арналған инвестициялық бағдарламасы кернеуі 0,4 кВ әуе электр беру желілерін ауқымды қайта жаңартуды қамтиды. Жұмыстардың негізгі нысаны – Мағжан Жұмабаев ауданының Булаев қаласы, онда энергетиктер 20,85 шақырым электр беру желісін жаңартуда.
Булаев қаласының көшелерінде ескірген ағаш тіректер 1 157 жаңа темірбетон тіректерге ауыстырылуда. Сонымен қатар тозған оқшауланбаған сым заманауи СИП-4 маркалы өздігінен көтергіш оқшауланған сымға алмастырылып жатыр.
Ауқымды жаңарту Булаев қаласындағы кернеуі 0,4 кВ әуе электр беру желілерінің тозу деңгейін 57%-дан 27%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Жаңа темірбетон тіректер 40 жылдан астам қызмет етуге есептелген. СИП-4 сымының оқшаулау қабаты қатты жел соққанда сымдардың бір-біріне соғылуы мен үзілуін болдырмайды, қысқа тұйықталудан қорғайды және электр энергиясының техникалық шығындарын азайтады.
«Солтүстік Қазақстан Электржелістік Тарату Компаниясы» АҚ ұжымының басты міндеті – кез келген ауа райында халықты тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз етуге кепілдік беру. Біздің өңірде қыс мезгілі ерекше қатал: қатты жел, боран және сымдарға мұз қатуы жабдықтар мен электр желілерінің беріктігін үнемі сынаққа алады. Сондықтан темірбетон құрылымдар мен оқшауланған сымдарға жүйелі түрде көшу сымдардың үзілу және штаттан тыс сөну қаупін барынша азайтады», – деп атап өтті бас директордың міндетін атқарушы Александр Елисеев.
Барлық жұмыстар 2026 жылғы 30 қарашаға дейін аяқталады.
Анықтама үшін: «Солтүстік Қазақстан ЭТК» АҚ – Қазақстанның 2 миллионнан астам тұрғынын энергиямен қамтамасыз ететін ірі жекеменшік энергетикалық холдинг – Орталық-Азия Электрэнерогетикалық Корпорациясы компаниялар тобының кәсіпорны болып табылады.
