«СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ компаниялар тобы өңірдің энергетикалық кешенін 2026-2027 жылдардың күзгі-қысқы кезеңіне дайындауды жалғастыруда. 2026 жылы жөндеу жұмыстарына және инвестициялық бағдарламаны іске асыруға 21 млрд теңгеден астам қаражат бағытталады. «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ бас директоры Анатолий Казановский Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтың қатысуымен өткен кеңесте дайындық барысы туралы баяндады.


Петропавл 2-ЖЭО-да бірқатар қазандық және турбоагрегаттарды күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталды. №2 қазандық агрегатты және №1 турбоагрегатты қайта жаңарту, №8-11 қазандық агрегаттарды күрделі жөндеу, 6 кВ КТҚ секцияларын, №3 түтін мұржасын қайта жаңарту және басқа да жұмыстар жалғасуда.


Электр желілері шаруашылығының инвестициялық және жөндеу бағдарламаларына тағы 3,2 млрд теңге қарастырылған. Энергетиктердің жоспарында қосалқы станцияларды, әуе және кабельдік желілерді, сондай-ақ трансформаторлық және таратушы қосалқы станциялардың жабдықтарын қайта жаңарту жұмыстары бар.
Тек жөндеу науқаны аясында 146 шақырым 35 кВ әуе желісі, 129 шақырым 0,4-10 кВ желісі және 1,7 шақырым кабель желісі жөнделеді. Сондай-ақ жұмыстар 9 қосалқы станция мен 39 трансформаторлық және тарату нысанының жабдықтарын қамтиды.


«Жылыту маусымына дайындық — бұл, ең алдымен, сенімділік үшін жасалатын жұмыс. Біз жабдықтардың қысқы ең жоғары жүктемелерге дайындығын қамтамасыз етіп, жоспардан тыс тоқтау ықтималдығын азайтуымыз керек», — деп атап өтті Анатолий Казановский.


Барлық іс-шаралар бекітілген кестелерге сәйкес орындалуда. Басты міндет: қыста өңірдің энергетикалық жүйесі тұрақты жұмыс істеп, тұтынушылар жылу мен электр энергиясын сенімді түрде алуы тиіс.