Петропавл 2-ЖЭО-да негізгі жабдықтарды жөндеу және жаңғырту бойынша ауқымды науқан іске асырылуда.

«Бүгінгі таңда №1 турбоагрегатты қайта құру жұмыстары жалғасуда: бойлер қондырғысының іргетасын құю жұмыстары жүргізіліп жатыр, екі жаңа желілік су жылытқышы сатып алынды, сондай-ақ жабдықтар мен желілік су құбырларын байлау жұмыстары орындалуда», — деп хабарлады Петропавл 2-ЖЭО Қайта құру және жаңғырту басқармасының бастығы Ануар Шаштаулетов. Ол бұл жұмыстар турбинаның штаттық режимдегі жұмысымен қатар атқарылып жатқанын атап өтті.

Бұған дейін энергетиктер №4 турбоагрегатты күрделі жөндеуден, сондай-ақ №2, №3 және №5 турбоагрегаттарды ағымдағы жөндеуден өткізіп үлгерген.

Сонымен қатар №6 және №7 турбоагрегаттарды ағымдағы жөндеу жұмыстары сәтті аяқталды. Осы жұмыстардың барысында энергетиктер автоматты реттеу және май жүйелеріне кешенді қызмет көрсетіп, сорғы жабдықтарын, сондай-ақ жоғары және төмен қысымды жылытқыштарды жөндеді.

Барлық жұмыстар бекітілген кестеге сай қатаң түрде жүргізілуде.