2022 жылғы 16 сәуірде Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Болат Ақшолақов Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келді.

Сапар барысында Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің, Солтүстік Қазақстан облысы (СҚО) әкімдігінің өкілдері Петропавл 2-ЖЭО-да болып, энергетикалық кешеннің ағымдағы жағдайымен танысып, станцияны аралап шықты.

Жылу электр орталығын аралап өткеннен кейін министрлік, облыс әкімдігі, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы өкілдерінің және станция басшылығының қатысуымен Петропавл 2 –ЖЭО жұмысының тұрақтылығы жөнінде кеңес өтті.

Кеңес аясында 2021 жылы жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстарының көлемі, апатты тоқтаулар, ЖЭО-ны алдағы жылу маусымына уақтылы, сапалы дайындау тәуекелдері туралы өзекті мәселелер талқыланды.

Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі Петропавл 2-ЖЭО-на бұрын «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ техникалық мамандары әзірлеген станция жұмысын қалыпқа келтіру бойынша Жол картасының дұрыстығы мен жеткіліктілігін бағалау үшін тәуелсіз сараптама комиссиясын жіберді.

Жол картасы ЖЭО-ны алдағы жылу беру маусымына сапалы дайындауды қамтамасыз ететін іс-шараларды жүзеге асыру үшін қаржыландырудың жалпы сомасы 17,5 млрд теңгені құрайтын 5 блокқа бөлінген.

Отырыс қорытындысы бойынша сараптама және талдау нәтижелерін ескере отырып, Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Болат Ақшолақов жергілікті атқарушы органдарға бірқатар нақты тапсырмалар берді, сондай-ақ станция басшылығына қажетті жөндеу жұмыстарын тез арада аяқтауға көмектесетін ұсынымдар берді.