«Солтүстік Қазақстан ЭТК» АҚ қызметкерлері жөндеу науқанын жалғастыруда. Энергетиктер №66 10/0,4 кВ трансформаторлық қосалқы станциясын күрделі жөндеуден өткізіп, №70 ТҚС-ны жаңартуға жедел кірісті.
№66 ТҚС-дағы жұмыс барысында мамандар ТҚ-10 кВ тарату құрылғысының жабдықтарын толық ауыстырып, дайындалған негізге жаңа Т-1 күштік трансформаторын орнатты. Сондай-ақ ТҚ-0,4 кВ жөнделіп, жарықтандыру жүйесі жаңартылды және жаңа металл еден монтаждалды.
Жөндеу науқанының келесі кезеңі №70 ТҚС-ны күрделі жөндеу болды. Бұл нысанда да осындай жұмыстар кешені жоспарланған: күштік трансформатор мен ТҚ-10 кВ жабдықтарын ауыстырудан бастап, жерге тұйықтау контуры мен 0,4 кВ тарату құрылғысын жөндеуге дейін. Есіктерді монтаждау және жабдықтарды сырлау аяқталғаннан кейін міндетті жоғары вольтты сынақтар жүргізіледі. Жөндеу жұмыстарының мақсаты — Петропавл тұрғындарын Абай - Алтынсарин - Горький - Алматы көшелерінің шаршысында сапалы және сенімді электрмен жабдықтауды арттыру.

