Татьяна Кунгурцева энергетика саласындағы кәсіби жолын осыдан төрт онжылдық бұрын таңдаған. Тарату желілері қызметінің технигінен бастап «Солтүстік Қазақстан ЭТК» АҚ инженер-құрастырушына дейінгі осынау үлкен жолдың әрбір сатысы терең техникалық білім мен жоғары жауапкершілікті талап етті. «Мен еңбек жолын бірге бастаған және маған өз білімдерін үйреткен тәлімгерлерім мен әріптестерімді жылылықпен еске аламын. Бүгінде мен өз ісіңе немқұрайлы қарауға болмайтынын сеніммен айта аламын. Энергетикада ұсақ-түйек деген болмайды, ал еңбегіңнің адамдарға пайда әкелетінін түсіну – күш пен жанды салуға тұрарлық дүние», – дейді Татьяна.
Әріптесіміздің міндеттерінің тізімі 0,4–10 кВ электр беру әуе желілерін есепке алуды, күрделі жөндеу жұмыстарының орындалуын бақылауды, жобалық-сметалық құжаттамамен жұмыс істеуді және есептілікті қалыптастыруды қамтиды. «Инженер білімін үнемі жетілдіріп, қабылданатын шешімдердің маңыздылығын түсінуі тиіс. Сонымен қатар ұсақ болып көрінетін жайттардың өзі үлкен мәнге ие болуы мүмкін, сондықтан біздің мамандықта дәлдік пен адалдық ерекше маңызды», – деп атап өтті Татьяна.
Жұмыстан тыс уақытта әріптесіміз отбасы ортасында және шығармашылықпен айналысу арқылы күш-қуатын қалпына келтіреді. «Қазір интернетте қызықты дүниелер өте көп, басымда идеялар жетерлік, сондықтан өз қолыммен бір нәрсені жасауға шабыт келгенде, отырып шығармашылықпен айналысамын», – деп бөлісті Татьяна.
Әріптесіміздің өмірінде кәсіподақтағы қоғамдық жұмыс ерекше орын алады. Оның белсенді азаматтық ұстанымы мен көпжылдық еңбегі Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Құрмет грамотасымен атап өтілді. Татьяна үшін бұл – ұжымдағы өзара көмек құндылығының мойындалуы: «Кәсіподақ жұмысы – бұл ең алдымен адамдар, олардың құқықтары мен игілігі. Мені әріптестеріме көмектесу және ұжымда салауатты, жылы қарым-қатынас орнатуға үлес қосу мүмкіндігі ынталандырады. Әрбір қызметкер қолдауды сезініп, қиын жағдайға тап болғанда өз мәселесімен жалғыз қалмайтынын білуі өте маңызды».
Татьяна Кунгурцева сияқты кәсіби мамандар ең үздік энергетиктердің осында жұмыс істейтінін күн сайын дәлелдеп келеді!
